Четверг, 28.03.2024, 14:23
Приветствую Вас Гость | RSS

www.adisker.kz

Форма входа
Cөздік-Словарь
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Статистика

free counters

Сабақтар-Уроки

Главная » Статьи » Редакция

АҒА БУЫН ҮМІТІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚТА
Атырау облыстық білім беру басқармасы:
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ОБЛЫСТЫҚ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ :АҒА БУЫН ҮМІТІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚТА
«Білім беру жүйесін жаңғырту – адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» тақырыбында өтті.

Ұлт болашағына тағылымды тәлім мен тәрбиенің нәрін берер мұғалімдер қауымы үшін әр жаңа оқу жылының басталуы – мереке. Енді санаулы күндерден соң сыңғырлаған қоңырау үнімен тағы бір толқын мектеп табалдырығын аттайды. Білім беру ісіндегі биылғы өзгерістер мен толықтырулардың бағыты мен бағдарын айқындайтын мұғалімдердің Тамыз кеңесі еліміздің әр өңірінде өз жұмысын бастады. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп, білім саласының сан алуан мәселесін қаузайтын келелі кеңес облыстық Махамбет атындағы драма театрында ұйымдастырылды. Оған білім беру саласының қызметкерлері, ардагер ұстаздармен бірге облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.

Ұстаздық еткен жалықпас…

Биылғы Тамыз кеңесі «Білім беру жүйесін жаңғырту – адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» тақырыбында өтті. Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының идеяларын, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңын, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Білім және ғылым министрлігінің директивті, нормативті құжаттарын талқылауға және басшылыққа алуға негізделген кеңесте, сондай-ақ, Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты үндеуінде білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үрдісін жаңғырту, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру бағыттары анықталды.

Жаңа оқу жылының маңызды міндеттері мен бағыттары сараланған кеңесті облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтау сөзбен ашты: — Құрметті кеңеске қатысушылар! Баршаңызды жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Мыңдаған ұл-қыздарымыз сүйікті мектептерінің табалдырығын аттайтын білім күнінің басталуына да аз уақыт қалды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпақтың жан-жақты қазіргі заманның талабына сай білім алып, өсіп, қалыптасуы үшін барлық жағдай жасап отыр. «Балапан», «Жүз мектеп – жүз аурухана», «Болашақ» бағдарламалары — соның кепілі. Бұл бағдарламалар аясында көптеген шаралардың іске асып отырғанын білесіздер. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында да білім беру саласындағы жасалуға тиісті жұмыстар аталынған. Құрметті білім саласының қызметкерлері, тамыз мәслихаты арқылы сіздерден мынадай басым бағыттарға көңіл бөлулеріңізді сұраймын.

Білім мен тәрбие жүйесі және әлеуметтік жағдай қай уақытта да ең басты мәселе болып табылады. Сондықтан, білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер департаменті бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Мектеп инспекторлары оқушылардың ата-аналарымен қоян-қолтық жұмыс жасаулары тиіс. Кез-келген мектептің жұмысының нәтижесі, сол мектеп түлектерінің білім деңгейімен өлшенетіні сөзсіз. Сондай-ақ, мектептердегі үлкен мәселенің бірі — балаларды ыссы тамақпен тамақтандыру мен әлеуметтік жағынан көмектесіп, киім-кешекпен қамтамасыз ету. Жатақханалармен, тегін оқулықтармен қамту. Жасыратыны жоқ, ыстық тамақпен қамту біздің облыста әлі күнге дейін шешімін таппай келетін мәселе. Мектептер соңғы жылдары ел экономикасымен бірге дамып келеді, дегенмен де облыстағы 198 мектептің 85-і күрделі жөндеуді керек етсе, 11 мектеп апаттық жағдайда тұр. Сондай-ақ, көптеген балабақшалардың ғимараттары ескірген. Бұл жұмыстардың барлығы шешімін тауып, жақсы жолға қойылуы үшін жұмыстанатын боламыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абай. Біздің қоғамдағы ең жауапты мамандық – мұғалімдердің жұмысы, өйткені, сіздер тәуелсіз еліміздің текті ұландарын тәрбиелейсіздер. Мереке қарсаңында баршаңыздың да дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін».

Мұғалімдер марапатсыз қалмайды

Қай ұстаз да ұлықтауға лайық. «Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын» мәртебелі мамандық иелерін облыс әкімі білім беру ісінде жетістіктерге қол жеткізгендері үшін арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі Айгүл Зұлхарнаева, №13 ұлттық гимназияның мұғалімі Балзия Идрисова, облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның мұғалімі Гүлжан Нұрғожина, мінез-құлқында ауытқушылығы бар балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі Асылбек Ситалиев, Қосарал орта мектебінен Тамара Қабесова, Чкалов орта мектебінен Сенбі Берғалиев, Қызылүй орта мектебінен Қуаныш Нұралиев, Қалыбеков орта мектебінен Қансұлу Қапанова, Қалима Даумова, Аққыстау орта мектебінен Нұрбиғаш Алпысбаева, Индер ауданындағы «Балдәурен» балабақшасынан Халида Есқалиева, Махамбет аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Болған Мәсәлімовалар облыс әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.

Ал, облыстық мәслихаттың «Алғыс хаты» Атырау қаласындағы №22 орта мектептің мұғалімі Сара Хабибуллина, Атырау сервис колледжінің мұғалімі Жанаргүл Қойшығұлова, Махамбет аудандық «Қызғалдақ» балабақшасының меңгерушісі Қалжан Тағамбетоваларға табыс етілді.

Еліміздегі білім беру саласындағы жоғары наградалардың бірі – «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен биыл Атырау музыка колледжінің оқытушысы Оңайша Қарашева мен Махамбет ауданы Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Аққаным Бекбаевалар марапатталды.

«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі енді ұзақ жылғы жемісті еңбектің өтеуіндей болып Атырау қаласы «Жас натуралистер станциясының» мұғалімі Әлия Баймұханова мен Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Ізтұрған Тасбаевтардың кеудесінде жарқырайтын болады.

Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» №21 орта мектептің мұғалімі Айгүл Дүйсешова мен облыстық білім беру басқармасының бөлім бастығы Нұрлан Қабдироваларға табысталды. Ал аталған министрліктің «Алғыс хатына» №17 орта мектептің мұғалімі Рауза Мамышева және №27 орта мектептің мұғалімі Руза Қадырбаевалар ие болды.

Мерекеде мерейлері тасып, облыстағы күллі әріптестерінің алдында жоғары марапаттарға ие болған мұғалімдер облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті. Жаңа оқу жылының алдында бұл да ұстаздар қауымына деген ерекше қамқорлық пен көңілдің белгісі екені анық.

- Ел басқару, халықтың әл-ауқатын арттыру оңай шаруа емес. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін басшыға денсаулық, сабырлылық, құйындай талмайтын екпін, қияға самғайтын қанат керек. Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы, сіз өмір баспалдағын сенімді аттаған тәжірибесі мол азаматсыз. Сіз қызмет еткен орындарды саралап айтып өтсем, Мұнай министрі, бес жыл уақыт Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде болдыңыз. ҚР Парламенті Мәжілісі спикерінің орынбасары қызметінде еңбек етуіңіз — менің сөзімнің дәлелі. Қош келдіңіз, барша ардагер ұстаздар атынан қызметіңізге сәттілік тілеймін,- деді ардагер-ұстаз Сембі Бердіғалиев.



Білімдінің күні жарық

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің білім беру стандарттары мен бағдарламалары басқармасының бастығы Гүлшат Көбенова атыраулық ұстаздарды арнайы құттықтады. « — Ұстаздармен әрбір жаңа оқу жылында тамыз кеңесін ұйымдастыру еліміздің әр өңірінде өткізілуде, — деді ол өз сөзінде. — Қазіргі заманға сай білім беру мәселелерін талқылап, 2011-2012 оқу жылындағы жаңа мәселелерді сөз етіп, атыраулық ұстаздармен кездесіп тұрғаныма қуаныштымын. Ағымдағы жылы қабылданып, халықтың қолдауына ие болған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Қазақстан дамуының басты бағыты» мен «Жалпы Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласымен айрықшаланды. Соның ішінде білім беру сапасын жақсарту мақсатында баса айтылған. Өткен жылы жеті заң қабылданып, жүзеге асырылуға Үкіметке тапсырылды. «Балапан» бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері мектепке дейінгі тәрбие жаңа деңгейге көтерілді. Елімізде алты Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып, қызмет атқаруда, сондай-ақ, 2013 жылы жоспарланған 17 мектептің құрылысы жүріп жатыр, осының бірі Атырау қаласында бой көтермек. Еліміздің білім деңгейі АҚШ, Қытай, Канада мемлекеттерінің білім деңгейімен бірдей деңгейде дамуға талпынуда. Білім деңгейі әрбір оқу жылының соңында ҰБТ нәтижесімен өлшеніп, белгілі болып отырады. Биыл ол көрсеткіш 70.9 нәтиже құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15.7 балға кем. Ең жоғары орта балл Алматы қаласында 82.6-ға тең, ең төменгі — Қызылорда қаласында 64.5, ал Атырау облысында 71, 4 ұпайды құрады. «Алтын белгі» алуға үміткерлер 25,9 пайызды ғана құраса, Атырау облысында 250 үміткердің 110-ы ғана тестілеуден сүрінбей өтіп, өз білімдерін дәлелдеді.

Елімізде ағымдағы жылы 230 мың 734 бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, бағдарламадағы көптілділікті қалыптастыру мәселесі де болашақта жүзеге асырылмақ. Германия елінің білім деңгейіне негізделінген дуальдық оқыту жүйесі енгізіліп, 96 кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде оқытылу көзделініп отыр.



Білім саласына қамқорлық – басты назарда

Кеңес барысында облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан Есенғалиев «Білім беру жүйесін жаңғырту – адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» атты баяндама жасады.

- Жыл сайын облыстың білім беру саласын қаржыландыру өсіп келеді. Ағымдағы жылы ол 37,0 млн. теңгені құрап отыр. Күні бүгін республикалық бюджет есебінен 2148 оқушыға арналған 5 мектептің құрылысы жүргізілуде, бұл жұмыстар қазан-желтоқсан айларында аяқталады. Осы мектептер іске қосылғанда апаттық жағдайдағы 3 мектеп ауыстырылады, 3 ауысымда оқытатын мектептер күшін жояды.

Облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып, толықтырылуда. Жаңа оқу жылында республикалық трансферт есебінен 102,0 млн. теңгеге 25 химия кабинеттеріне құрал-жабдықтар алынатын болады. 2012-2013 оқу жылына 895 220 дана оқулық пен оқу кешендеріне тапсырыс беріліп, жергілікті бюджеттен – 300 442,0 млн. теңге бөлінді. Күні бүгін оқулықтар мен әдістемелік құралдар сатып алынды. 1,7,8 сынып оқушылары қайта өңделініп шығатын оқулықпен толықтай қамтамасыз етіледі,- дейді білім беру басқармасының бастығы Сатқан Ыбырайұлы.

Сатқан Есенғалиевтың айтуынша, шешімін таппай келе жатқан проблемалар да бар. Облыстағы 198 мектептің 11-і өткен жылғы желтоқсан айындағы Үкімет қаулысына сай апаттық жағдайдағы деп есептеліп, аталған мектептерде бала оқуға мүмкіндік болмайтындығы белгілі болды. Ал, 85 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Соңғы жылдарда балабақшаларға күрделі жөндеу жүргізілмей келеді.

Облыста 164 мектеп кең жолақты интернетке қосылған, 72 мектепте онлайн режимінде интерактивті сабақтар өтіледі. «Ара қашықтықтан» оқыту жүйесі тұрақты жұмыс жасайды. 2012-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру мақсатында «Электрондық оқыту жүйесін» енгізуге Атырау облысы бойынша 24 оқу орны белгіленіп отыр. Бүгінгі күні облыста 120 балабақша жұмыс жасаса, оның алтауы жекеменшік, 324 шағын орталық жұмыс жасайды. Жалпы мектепке дейінгі біліммен қамту 81,3 пайызды құрайды.

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, мектепке дейінгі балалардың 80 пайызы жекеменшік балабақшаларға барады. Бұл мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтуды тек мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асыру керек дегенді жоққа шығарады. Сондықтан осы мәселе әлі де жергілікті жерлерде кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлермен бірге ойластырылуы керек.

Білім беру жүйесінің базалық деңгейінің сапасы орта білімнің нәтижесімен тығыз байланысты. Облыста осы оқу жылында көптен шешімін күткен Индер ауданы орталығында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің базасында ҰБТӨ орталығы ашылды, облыста 7 орталықта мектеп түлектерінің тест тапсыруы өтті.

Биылғы ерекшелік, барлық ҰБТ өткізілетін пункттерге бейне жазу, ұялы телефон байланысын «тұншықтыратын» құралдар қондырылып, тест тапсыру барысында бақылау күшейтілді. Мұның өзі білім сапасын көтеруді көздейді. Облыстың орта балы – 71,4, республикалық көрсеткіштен жоғары республикада орта балл 70,9 болды.

Қызылқоға, Мақат, Махамбет, Жылыой, Индер аудандары бітірушілерінің 100-ден жоғары балл жинағандар саны 10 пайызға жетпейді.

«Алтын белгіге» үміткер 176 оқушының 80-і білімдерін дәлелдеді, 47 үздік аттестатқа үміткердің 30-ы өз білімдерін дәлелдеді. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.

Алайда, 96 үміткердің білімінде салыстырмалы бағалау болғандығы, барлық ҰБТ тапсыратын пәндерден білімнің «5» бағаға жетпегенін көрсетті. Әсіресе, Махамбет, Мақат ауданының үміткерлерінің міндетті пәндер қазақ тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихы, математикадан жинаған балдары төмен болды.

Дарынды оқушылардың терең білім алуына жағдай жасау мақсатында облыста 5 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, аудандарда, қалада мектеп-гимназиялар мен тереңдетілетін сыныптар жұмыс жасайды. Алайда, нәтижелермен қатар, кедергілер де жоқ емес. Атап айтқанда, Атырау қаласы мен аудан орталықтарында дарынды оқушыларға арналған дарын мектептерін ашу туралы мәселе көптен айтылғанымен де шешімін таппай келеді. Осындай орталықтар ашу бізге инновациялық жұмысты жетілдіруге, дарындылар қатарын көбейтуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Мұғалімнің біліктілігі мен тәжірибесі – қоғамда мұғалімнің жағымды бейнесін қалыптастырумен тығыз байланысты. Облыстағы біліктілік арттыру институты «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Атырау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институы болып қайта құрылды. Күні бүгін облыста 143 мұғалім курстарды тәмамдап, сертификаттарын алды. Облыста кадрлардың қажеттілік проблемасы әлі бар. Осы оқу жылында 118 мұғалімге сұраныс болды. Проблеманы көрші облыстардағы педагогтар дайындайтын оқу орындарымен келісім-шартқа отырып, шешудеміз.

Дамыған елдер тәжірибесінде оқушылардың қосымша білім беруімен қамтылуы басты міндеттердің қатарына жатады. Облысымызда балаларды қосымша біліммен қамту төмен күйінде қалып отыр. 7872 баланы қамтитын 29 қосымша білім беру ұйымы қызмет етеді. Бұл мектеп жасындағы балалардың 8,4 пайызы. Республикада бұл көрсеткіш 21,6 пайызды құраса, әлем елдеріндегі көрсеткіш 50-70 пайыз. Қосымша білім беру ұйымдарының желісін кеңейту, «Аула клубтары», «Жас турист», «Оқушылар үйі» желілерін ашу қажет. Сондай-ақ, барлық жалпы орта білім беретін мектептерден филиалдар ашу осы оқу жылынан бастап қолға алынуға тиіс. 29 қосымша білім беру ұйымдарының 20-сы бейімделген ғимаратта орналасқан. Бұлардың бәрі де күрделі жөндеуді қажет етеді немесе типтік жобадағы ғимараттар салынуы керек.

Сонымен қатар, облыста облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мектептен тыс балаларға арналған он спорт мектебі бар, оның жұмысына 8467 бала қамтылған. Бұл салада жұмысты белсендіру керек.

Облыста кадрлар қажеттілігі проблемасы әлі де бар. Осы оқу жылында 118 мұғалімге сұраныс болды. Бұл проблеманы көрші облыстардағы педагогтар дайындайтын оқу орындарымен келісім-шартқа отырып шешудеміз. Мектепке дейінгі білім беру саласында арнайы білімді мамандардың жетіспеушілігі байқалып отыр. Атап айтқанда, орыс тілді топтарға тәрбиешілер жетіспейді. Тұрғындардың балаларын орыс тілінде оқыту сұранысының өсуі осы мәселені туғызып отыр.

Сондықтан, білім бөлімдері осы жайды нақты зерттеп, қажетті кадр сұранысын қамтамасыз ету шарасын алуымыз қажет.

Білім беру жүйесін жаңғыртудағы басты қадам – орта білім беру жүйесіндегі директорлар корпусының сапасын жақсартумен тығыз байланысты. Осы орайда Елбасы білім беру жүйесін жаңғырту туралы қадамдарда: «Біріншіден, орта білім беру жүйесіндегі директорлар корпусының сапасын жақсарту жөнінде шаралар атқару қажет», — деп көрсетті.

Ұлттық білім беру жүйесін жаңғыртудың табысты болуы – мектеп директорларының қызметінен көрінеді. Қазіргі басшы басқару процесіндегі барлық кедергілерді алдын ала болжап, соның әсерін болдырмаудың немесе жұмсартудың жолын таба алатын менеджер болуы керек. Кезек күттірмейтін тағы бір мәселенің бірі- білімді ұрпақ, зерделі буын қалыптастыруда тәрбие жұмысын қалыптастыру.

Қазіргі таңда, кәмелетке толмағандар әртүрлі ақпараттық ағымға берілгіш. Оларға интернет, ойын және компьютер клубтары, әлеуметтік желілер, арналар арқылы кері ақпараттық ықпалдар жасалуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды.

Енді 10 күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығына тоқталсақ. Әртүрлі себептермен оқумен қамтылмай қалған бала болмауы керек. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Әсіресе, балаларды ыстық тамақпен қамту алдымен жақсы жолға қойылуы шарт. Аудан әкімдері осы мәселеге басты назар аударып, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кәрім Мәсімовте өткен мәжілістің хаттамалық шешіміне сай жаппай оқу қорының қаражатын 3 пайызға дейін көтерудің шараларын алу керек.

Осы ретте биыл 40 мектеп күрделі жөндеуден өтуде, сондықтан аудан, қала әкімдерімен бірлесіп, республика көлемінде жарияланған «Мектепке жол» қамқорлық акциясын жоғарғы деңгейде өткізіп, мектептердің 1 қыркүйек күні сабақ бастауының барлық шараларын алуымыз керек.

«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі» — деп, Әл-Фараби данамыз Сіздерге ғасырлар бойы өлмейтін баға беріп кетті. Сол бағаның қадір-қасиетін түсірмеуіміз керек, — деп қорытындылады өз сөзін Сатқан Ыбырайұлы.

Кеңес барысында жарыссөзге де орын берілді. Облыстық мәслихат депутаты Сайын Қуанышев «Білім беру ісіндегі жаңғырту мәселелері – жергілікті билік назарында» тақырыбында баяндама жасап, мұғалім мамандарға жергілікті атқарушы биліктің көрсетіп отырған қамқорлығы кемімейтініне тоқталды.

«Еліміздің білім беру ісін реформалау жағдайында педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесінің бағыт-бағдары» тақырыбында облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Нұрзила Сәрсенова баяндама жасаса, №11 «Таңшолпан» балабақшасының меңгерушісі Салтанат Жаникешова «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында пәндік-дамытушы ортаны құрудың маңызы» тақырыбында пікірін ортаға салды.

Кеңестің қорытындысында жаңа оқу жылындағы білім берудегі ұсыныстар мен толықтырулар қабылданды.

- Бүгінгі тамыз мәслихатына сыныптағы старостам және екі ұстазым қатынасып, марапатқа ие болды,- деп облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов білімнің іргетасы мектептен қалыптасатынын баса айтты. - ҚР Білім және Ғылым министрлігі атынан келген Гүлшат Ізбасарқызына айтарым, Білім және Ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловқа келесі жылға екі апатты жағдайдағы мектепке бөлінген қаржы аз екенін, төрт апатты жағдайдағы мектепті ауыстыруға қаржы бөлу туралы өтінішімді жеткізіңіз. Сондай-ақ, бірнеше мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Сондықтан, облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан Есенғалиевқа бір аптаның ішінде жұмыстың қашан аяқталатыны туралы нақты жұмыс кестесін жасауды тапсырамын. Сонымен қатар, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесін қыркүйек айының соңына дейін шешіп, қамтамасыз етіңіздер. Қазан айында бұл мәселені тұрақты бекітемін деп уәде етемін және кешікпей аудандарға іссапарға шығып, алдымен, әлеуметтік нысандар – мектеп, жатақхана, балабақша, денсаулық сақтау және мәдениет орындарының жұмыстарымен танысамын.Тамыз кеңесі соңында ұзақ жылдар бойына білімі мен тәжірибесін, бүкіл күш-жігерін ұрпақ тәрбиесіне, еліміздің білім беру саласын дамытуға арнаған құрметті ардагерлерге гүл шоқтары табыс етіліп, педагог мамандар даярлайтын оқу орындарынан мектептерге жұмысқа келген бір топ жастардың алғашқы еңбек күндеріне сәт сапар, игі тілектер айтылып, естелік хат табыс ету рәсімімен аяқталды.

Атырау газетінің Интернет жаңалықтары: Н.Бекбауов
Категория: Редакция | Добавил: Nur (21.08.2012) | Автор: Нурбек Бекбауов E
Просмотров: 3000 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Поиск
www.edu.gov

Copyright MyCorp © 2024
Сайт управляется системой uCoz