Суббота, 20.04.2024, 13:38
Приветствую Вас Гость | RSS

www.adisker.kz

Форма входа
Cөздік-Словарь
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Статистика

free counters

Сабақтар-Уроки

Главная » Статьи » Жаңа сабақтар - Новые уроки

Мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесіндегі ұлттық ойындардың маңызы

Ақтөбе қаласы №30 «Ұрпақ» МДҰ меңгерушісі
Капина Рабиға Кенжебекқызы

Мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиесіндегі ұлттық ойындардың маңызы


«Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?»

Абай Құнанбаев


Мектеп жасына дейінгі жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін фактордың бірі, дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты халықтың ұлттық ойындары. Ата – бабамыз ойынды тек баланы алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, ол халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, баланың көзқарасы, мінез-құлқын қалыптастырып, бір жүйеге келтіретін тәрбие құралы деп санаған.

Ойын - мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс – әрекеті. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.

Ойын балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділікпен тапқырлықтарын дамытады. Ойын арқылы балалар қоғамды тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойнау процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар өзара пікірлесіп, әсер алысады. Ойын баланың жан – жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз болып табылады. Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері өте көп. Солардың қай – қайсы да адам игілігіне қызмет етуге бағытталған. Сондай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар болып табылады. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, дененің шынығуын қажет етеді. «Орамал ілу», «Асық ату», «Түйілген орамал», «Қыз қуу», «Ұшты - ұшты», т.б. ұлттық ойындар баланың сөздік қорын молайтуға, өмір тәжірибесін кеңейту, ептілік қабілеттерін жетілдіруге өз әсерін тигізеді.

Мысалы төмендегідей ойын түрлері:
1.
«Ақшамшық» (сақина салу) - қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны халық арасында «Сақина салу», «Сақина тастау» деп те айтады. Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір ер баланы немесе бір қыз баланы шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қыз балалар мен ер балалар үйде дөңгелене отырып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойынды жүргізуші алақанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол адамдардың барлығының алақанына сақина салған болып шығады да дауыстап: «Тұр сақинам, тұр» деп немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған адам «Сақина менде!» деп орнынан тез тұруы керек. Оны көршісі ұстай алмай қалса, жұрт алдында өз өнерін көрсетеді.

2.
«Теңге алу». Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу - үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабандоздық тәжірибені қажет етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі.


3.
«Қыз қуу». Бұл - ұлттық ат спорты ойыны. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюі керек. Бұл - жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігіт пен оның атын қамшының астына алады. Бұл - қыздың жеңгені.


4.
«Көкпар». Ұлттық ат ойыны. Этнографтардың айтуынша, әуелгі атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Бұрындары мал баққан көшпелі қазақ көк бөріні соғып алғанда, өлігін ат үстінде сүйреп, бірінен бірі ала қашып, өздерінше ойынның бір түрін ойлап тапқан. Уақыт өте келе көкпар ұлттық ойынға айналған. Екі топ болып бөлініп, көкпарды бір-бірінен алып қашып, қазандыққы салу. Қай топтың жігіттері шапшаңдық көрсетіп, қазандыққа көкпарды салу ұпайлары көп болса, сол топ жеңіске жетеді. Келесі топ жеңіліске ұшырайды.

5.
«Күміс ілу» (жүзік ілу). Бұл ойын ептілікті, атқа жақсы отыруды талап етеді. Келін түсіру, қыз ұзату салтанатында қалыңдық орамалға түйіп, өзінің күміс шолпысын, немесе жүзігін тастайды. Сондықтан да, кей аймақта бұл ойынды «жүзік ілу» деп атайды. Қатты шауып келе жатқан шабандоз жігіт ат екпінін бәсеңдетпеспен, әлгі орамалды іліп алып кетуі керек. Осылайша қазақ жігіттері өзінің ептілігі мен шеберлігін «Күміс алу» сайысында дәлелдей білген.

6.
«Бәйге». Бұл жарыстың бірнеше түрі бар. Олар: аламан бәйге, тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге. Бәйге жарысы, негізінен жазық жерлерде өткізіледі. Көмбеге алғаш озып келген шабандоз жеңімпаз атанып, сыйлыққа ие болады.

7. «
Асық ойыны». Бұл - балалардың ежелгі спорттық ойыны. Тақыр алаңға көлденеңінен түзу сызық сызады да, соны бойлай тігілген кенейді кезектесіп сақамен ату арқылы мергендік сынасады. Асық ойынының үш табан, бір табан, шығу, шеңбер секілді бірқатар түрлері бар. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Олар ойнаған асық ойындары қора хан, құмар, т.б. аталған. Асықтың «Хан талапай», «Төрт асық», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Омпы», «Сасыр» секілді түрлері де бар.


8.
«Ақсүйек». Бұл ойында қойдың жілігі немесе жауырыны, жамбасы пайдаланылған. Ойын жүргізуші ойыншыларды екі топқа бөледі. Сөйтіп, алдын ала әзірленген сүйекке белгі салып алған соң, оны алысырақ барып лақтырады. Кейде екі топтың мүшелері кезектесіп те лақтырады. Ойынға қатысушылар ақсүйекті іздеп табуы тиіс. Ақсүйекті тапқан ойыншы ешкімге білдірмей, оны көмбеге жеткізуі тиіс. Ал мұны қарсыластары біліп қойса, қолма-қол тартып алуға тырысады. Сондықтан ақсүйекті тауып алған топтың ойыншылары біріне-бірі лақтырып, көмбеге қай топ бұрын жеткізсе, сол топ жүлдегер атанады. Зеректікке, ептілік пен икемділікке баулиды.
Ұлы педагог В.Н. Сухомлинсий: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл – ой тәрбиесі болмайды» дейді. Демек, баланың ақыл –ойы, парасаты ұлттық салт – сананы сіңіру арқылы байи түседі. Сонымен қатар, ұлттық ойындардың балаларға арналған кейбір түрлері өлеңмен өрнектеліп отырған. Өлең – жыр арқылы ата – бабаларымыз ойынның эстетикалық әсерін арттырып қана қоймай, бүлдіршіндердің өлең – жырға, деген ықыласын оятып, дүниетанымын арттыра білген. Тіпті кейбір ойындар арқылы жас ұрпақты еңбекке баулып, шынықтыруды мұрат еткен.

Ұлттық ойын баланың дамып жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына, психикасына да тигізетін әсері мол. Ұлттық ойындар арқылы өз халқының тарихын, жерін, даму сатысын, әдет – ғұрпын, салт – дәстүрін, қонақ жайлылығын айқындап көруге болады. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы әділдікке, достыққа, сыйластыққа, кішіпейілділікке тәрбиелей отырып, яғни адамгершілік қасиеттері де қалыптастырылады. Басқа ойындар сияқты қазақтың ұлттық ойындар тәртібін бұлжытпай орындауы баланың ойын барысында тәртіп сақтауы, баланы осы кезден бастап тәртіпке, әділдікке, жинақылыққа баулиды, адал, қайырымды, өжет болуға тәрбиелейді.

Ұрпақ тәрбиесі жайындағы озық ұлттық мұраны бүгінгі тәлім – тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан балаға жалғасып келе жатқан әдет –ғұрыпымызды, салт –дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді қадірлеуді балаға сәби кезінен қалыптастырған жөн.

Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты, алуан түрлі заттармен ойналатын, зеректікке, ептілік пен икемділікке, батылдыққа баулитын ойындар деп бірнеше түрге бөлінеді. Қайсыбір ғалымдар қазақ халқының ұлттық ойындары түрінің жүзден асып жығылатынын айтады. Мұның өзі қазақ халқының ежелден-ақ айрықша дарынды һәм білімді болғанының дәлелі. Тағы бір ерекшелігі, ұлттық ойындардың, әсіресе, балаларға арналған түрлері әдетте өлеңмен «өрнектеліп» те отырған. Демек, халқымыз ұлттық ойындар арқылы жас жеткіншектерді өмір сүруге дағдыландырып, қиындыққа төзе білуге, қиын сәттен жол таба білуге машықтандыруды басты мақсат еткен. Мысалы, «Аламан бәйге», «Аударыспақ», «Арқан тарту» ойындары адамды төзімділікке үйретуге, ерік-жігерді игере білуге, білек күшін дамытуға бағытталған. Ұлттық ойындардың тағы бір ерекшелігі, әр ойын жас ұрпақты салиқалы да салмақты, шебер әрі епті болуға баулиды. Өйткені әрбір адам өзінен өрбіген ұрпақтың ынжық, бойкүйез болып қалмай, жан-жақты, білікті де күшті болып өсуін өмірдің мәңгі мәні ретінде қабылдаған.
- Жалпы, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысының да қоғамдық және әлеуметтік мәні зор. Бұған қоса, ұлттық ойындар қазақ халқының о бастан ерекше мәдениеті болғанын айқындайды. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек, адамның өмір сүруінде қазақтың ұлттық ойындарының атқаратын маңызы ерекше. Басқаны былай қойғанда, әр ұлттық ойын оған қатысушыны өмір сүруге бейімдеп ғана қоймай, қиындықтан қорықпай, қарсы тұра білуге үйретеді. Мысалы, бір ойын шеберлік пен ептілікке, енді бір ойын талғампаздыққа, ал енді бір ойын қиын-қыстау кезеңде тез шешім қабылдап, оңтайлы жол таба білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық ойындардан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Мұның өзі қазақтың ұлттық ойындарының бала тәрбиесінде маңызы зор екеніндігін дәлелдейді.




Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. «Бала мен балабақша» №3, 2010 жыл Республикалық педагогикалық журнал

  2. «Бала мен балабақша» №2, 2008 жыл Республикалық педагогикалық журнал

  3. «Бала мен балабақша» №6, 2010 жыл Республикалық педагогикалық журнал

Категория: Жаңа сабақтар - Новые уроки | Добавил: Әдіскер (03.08.2012) | Автор: Капина Рабиға Кенжебекқызы E
Просмотров: 10775 | Комментарии: 3 | Рейтинг: 3.0/2
Всего комментариев: 3
3 Булбул  
0
ұнады

2 Булбул  
0
ҰНАДЫ

1 Булбул  
0
жазылған статья маған өте ұнады

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Поиск
www.edu.gov

Copyright MyCorp © 2024
Сайт управляется системой uCoz