Суббота, 27.04.2024, 02:00
Приветствую Вас Гость | RSS

www.adisker.kz

Форма входа
Cөздік-Словарь
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Статистика

free counters

Сабақтар-Уроки

Главная » Статьи » Жаңа сабақтар - Новые уроки

ТӘРБИЕ САҒАТЫНЫҢ ТАҚЫРЫБЫ: СӨЗ ШАЙЫРЫ – ҚАРАСАҚАЛ ЕРІМБЕТ
Жарылқасын Гауһар Айболатқызы
Қызылорда облысы  Қазалы ауданы
Әйтеке би кенті №170 орта мектебі

ТӘРБИЕ САҒАТЫНЫҢ  ТАҚЫРЫБЫ:    СӨЗ ШАЙЫРЫ – ҚАРАСАҚАЛ ЕРІМБЕТ

Мақсаты:  Оқушыларды Қарасақал Ерімбет бабамызбен таныстыру. Оның                        өлеңдерін, дастандары мен айтыстарын кең тұрғыдан  насихаттау. Бабамыздың артына қалдырған мұраларын  кейінгі ұрпақтарға таныстыра отырып, оның мән-мағынасын, тәлім-тәрбиесін, тағлым-мәдениетін ұғындыру. Оқушылардың бойына Ерімбет шығармалары арқылы адамгершілік, рухани байлықты сіңіру.  
Көрнекілігі: Интерактивті тақтаға орналасқан Қарасақал Ерімбеттің суреті, ескерткіші, жыр жолдары, кітаптары.
                                                      Барысы:
Мұғалім:  Қазақ халқы қашанда тума таланттарға бай болған. Тілдің майын тамызып, сөзден түйін түйген тарлан жүйріктер қазақтың кең сахарасының тұс-тұсынан бой көрсетіп, өзі өмір сүрген кезеңді ғана емес, жер бетіне Адам сафи мен Хауа-ана жаралғаннан бергі тарихтың терең тылсым сырларын, кітаби деректерден оқыған, ауызекі естіген оқиғаларды жырына арқау қылып, кейінгі ұрпақтарға мирас еткен. Кең байтақ қазақ жерінің осындай теңдесі жоқ талант иелерін дүниеге келтірген бір өңір – Арал мен Сыр бойы десек, артық болмас. Осындай талант иесі, Сыр өңірінің шайыры, Әлім тайпасының Қарасақал руынан шыққан, заманының заңғар ақыны – Ерімбет Көлдейбекұлы. Балалар, Қарасақал Ерімбет туралы не білеміз? («ББҮ» кестесінің «Білемін» бағыты бойынша жұмыс)
    Мұғалім:  Ерімбет Көлдейбекұлы 1850 жылы дүниеге келген. (Интерактивті тақтаға орналасқан слайд бойынша түсіндіріп өтеді)


Ақын 1911 жылы дүниеден өткен.
Оның туған жылы мен дүниеден өткен  жылында бірнеше пікірлер бар. Ақынның мұраларын 36 жылдан бері ел аузынан жазып алып, зерттеп  келе жатқан  Ә. Оспановтың зерттеуіне жүгінсек, ол ақынның 1950-1911 жылдар аралығында өмір сүргендігін дәлелдейді.  Мұны біз шайырдың мына жыр жолдарынан да біле аламыз.
«Садуақас сақи» дастанының бастау бөлімінде:
... Әй, кеулім, келдің елу, азығың жоқ,
һалал бол, арамнан қаш, қыл әділет!...
...Жазылды мың тоғыз жүз миладия,
Тебіреніп тоқтаған жер қалам, сия.
Сенбі, Рамазанның он үші еді,
Мың үш жүз он жетінші һіжірия.
Мен қазағы «Қалыңбастың», қазалылық,
Крайда облысым – Сырдария...  

Мұғалім: Ақынның шығармаларына  тоқталып өтелік: (Интерактивті тақтадағы слайд бойынша түсіндіріледі)
    

Мұғалім: Балалар, біз Қарасақал Ерімбеттің өмір жолы мен шығармалары туралы мәлімет алдық. Енді тағы да нені білгіміз келеді? («ББҮ» кестесінің «Білгім келеді» бағытымен жұмыс)
Мұғалім:  Ұлылардан ұлағатты сөз қалар,
                  Бойға жисаң көкіректе шам жанар!
       Ұға алмаған сөз қадірін кей сорлы,
       Көр соқырдай ғұмыр бойы қарманар-дей келе, ақынның тағылымдық-философиялық  жырларына кезек берейік.
1- оқушы: «Төребайға айтқан көңілқосы»
Байлық бар дүниеде екі тәтті,
Бірі-жан, бірі-перзент рахаты!
Тағысын тағыда бар мұнан өзге:
«Жарлылық», «жалғыздық» деген екі қатты.
Әзелде жазылған соң пешенеге,
Пенде ошал көтермейді қай мехнатты?!
«Шырағым, шыда, сабыр, қайыл бол, - деп, –
Осы жүк, - дейді, - саған лайықты!»
Дәуіттің несін алып, берді кімді?
Берсе, һаққа қиын  емес, бір сағатта!
Алдыңа «Арыма!» деп келер досың,
Қас көрме жүзің көрсең көңілі шатты.
Жазушы бұл көңілін мағлұм ағаң,
Көрерсің арығанда осы хатты.
2- оқушы: «Жоғалмас көптің оғы Қырымға атқан»
Шешенді мылжың жеңеді тұзды сабын,
Нақылда: «Бөрік бөктірген тұлпарға мін!»
Байдан – май, жарлыдан – тұз, ерге – жерден,
Ойлайды әр кемістің сұлтан қамын.
Жоғалмас көптің оғы Қырымға атқан,
Жалғыздық таппақ қиын жай садағын.
Бағында сайрар бұлбұл, көлде бақа,
Мінбесе, кірмес күші, хан пайтағын.
Шапқанда әркімдер-ақ байдың ұлы,
Бір күні ойламаса тоқтамағын!
Мұғалім: Аңла сөз, құлағың сал, ақылы ерек!
                 Бұл дүния, көрсең де жүз, дөп-дөңгелек.
                Көргендей тәжірибе еткен үкәмалар,
                Бәрі су дүнияның, қыр, дөңірек,-дей келе кешімізді шайырдың арнау-толғауларымен жалғастырайық.
         Шайырдың «Көнек Қыпшақбай толғауы». Шөмекей руының Көнек аталығынан шыққан Қыпшақбай деген бай екі жылдай төсек тартып ауырады. Қыпшақбайдың Мариям деген қызын Ерімбет Қожахмет деген баласына айттырып қойған еді. Бірақ Ерімбеттің оған беретін қалыңмалы
болмайды. Сондықтан, Ерімбет «Қалың малдың орнына жүрмес пе екен?» деген ниетпен, Қыпшақбайды халқымен, ел азаматтарымен раздастырып, осы толғауды жазады.
Бұл ел арасында «Қыпшақбай толғауы» деген атпен таралады. (Толғаудан үзінді оқылады)
Мұғалім: Айтыс - өнер, айтыс – бәйге аламан
                  Түйдек-түйдек сөз төгетін санадан!
                  Шын жүйріктен суырылар осы сәт
                   Қаусырма жақ, қызыл тілді дана адам! –дей келе кезекті Ерімбет пен Қыз Жекейдің айтысына берейік.
(оқушылар Ерімбеттің айтысынан үзінді көрсетеді)
Мұғалім:  Тарихтың терең тылсым сырларын,
         Арқау еткен, арқалы ақын жырларың
         Еміреніп, кейде егілтіп бір сәтке,
                 Шертіп кетер адамзаттың мұң-зарын, - дей келе ақынның дастандарын сахыналап көрейік. Ақынның «Бап-Раушан» дастанынан сахналық көрініс.
Мұғалім: Балалар, енді біз бүгінгі әдеби кешімізді  қорытындылау  үшін «ББҮ кестесінің» «Үйрендім» бағыты бойынша өздеріңнің бүгінгі тәрбие сағатынан алған әсерлерің мен үйреніп, білгендеріңді  ауызша айтып өтіңдер.
 Мұғалім:  «Ерімбеттей » болу қайда деп
                   Айтпа ғылым сүйсеңіз.
                   Боларсыз сізде Ерімбеттей
                   Көкешім, ғылым сүйсеңіз.

Құрметті, бүгінгі кешке қатысушылар! Осымен біздің тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті. Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет. Қош,  сау болыңыздар.
Категория: Жаңа сабақтар - Новые уроки | Добавил: Әдіскер (03.08.2012) | Автор: Жарылқасын Гауһар Айболатқызы E
Просмотров: 3226 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Поиск
www.edu.gov

Copyright MyCorp © 2024
Сайт управляется системой uCoz